Найля Аппасова: Әр сынақтан соң өз-өзімді қолға алып, қасқайып тұру – менің жетістігімнің сыры

«Өмірден қалағаныңды алғың келе ме? Барлығы ойдан басталады»

    поделиться
Автор: Нұрлан Нұрыш 22-04-2022

 

Бұл сөздер бүгінгі кейіпкердің өмірлік кредосы десек болады. Найля Аппасова – кәсіпкер, архитектор, бақытты әйел. Өмірдің сан тараулы сынағынан өр тұлғаны қалай қалыптастыруға болады? 

- Найля ханым, уақыт тауып, сұхбат беруге келіскеніңізге алғыс білдіреміз. Өзіңізді 3 сөйлеммен қалай таныстырар едіңіз?

- Жалпы өзімді 3 сөйлеммен таныстыра алмаспын.  Мен құрылыс саласында қызмет атқарамын. Инженер-құрылысшымын. 20 жылдан астам уақыт спортпен айналысып келемін. Iron man-ға дайындалып жүрмін. Сондай-ақ, менің қоғамдық қызметім - "IQanat" мектебінде сабақ беремін. Сонымен қатар, партия ішілік шаруаларамда жетіп жатыр. Қазақстанның әлеуметтік мәселелерін шешу жолындағы істер мен үшін ең басты тақырып деп білемін. Солай (күлді).

- Сіздің жан-жақтылығыңыз таңғалдырады. Қалай осының барлығын ұштастыра аласыз? 

- Ең көп қойылатын сұрақтың бірі. Дәл қазір нақты жауап бере алмаймын. Өмірде болған тосқауылдарды дәл сәтінде шешіп үйреніп қалғаным шығар. Кейде өзіме заң іспеттес етіп қойған шектеулерден осылай босадым десем болады. Барлығын уақытылы істеу. Таңертең сағат 7-ден түнге дейін менің бос уақытым жоқ. Менің әр минутым жоспарланған. Әр істі қалауларым мен «солай істеу керек» деген ниетпен емес, жақсы көргендіктен айналысамын.

- Найля, сізді архитектор, бизнес тренер, кітап авторы және спикер ретінде білеміз ғой. Осылардың қайсысы сізге жақын және неге?

- Мен өзімді тек бір бағытта көре алмаймын. Дәріс оқымай, кәсібім жоқ кезде әрине маған жобамен айналысқан ұнады. Ал кейіннен кітап жазған соң, мені түрлі жобаларға шақыра бастады. Әртүрлі жағымды пікірден соң,  жаңа қырымнан ашылдым десем болады. Көпшіліктің алдына шығып, бағыт бағдар бере бастадым. Негізі мұны өнер деп алсақ, онда мен 2020 жылы өткен «Праймеризге» қатысқанда толыққанды ашылдым. Қалалық маслихатқа өтпесек те, көп тәжірибе жинақтадым. Қай жерде, қашан сөз бастау керектігін, тыңдарманды қалай зарықтырмай сөйлеу керектігін ұқтым. Ойымды бүкпесіз айтуды үйрендім. Шешендік өнер осылай өздігінен қалыптасты. Қазір мен барлық істі бірізділікпен және шынайы сүйіспеншілікпен істеймін.  

- «ANA Astana» жобасы туралы айтып берсеңіз? Қазіргі таңда неше ғимараттың жобасын жасадыңыздар? Және бәсекелестерге қарағанда сіздердің ерекшеліктеріңіз қандай?

- "ANA ASTANA" компаниясы - бұл өнеркәсіптік және азаматтық маңызы бар нысандарды кәсіби жобалау сияқты ортақ мақсатқа қол жеткізуге ұмтылатын пікірлестер ұжымы ретінде 2013 жылы құрылған компания. Қазір компания мамандары кәсіпорындарды, ірі зауыттарды, тұрғын үй кешендерін, ірі зауыттарды, мешіттерді, мәдени орталықтарды, коттедж қалашықтарын жобалаумен айналысады.

Жалпы, бастан аяқ осынша жобаны бітірдік деп айта алмаймын. Себебі, бізде әрқашан тапсырыстар болады. Қазірдің өзінде 4 жобамен айналысып жатырмыз. Оларды бітірген соң, тағы 3-4 жоба болады. Осылай бір ағымда еңбектенудеміз. Әрине, ұжымның бірден 10 шақты жобамен айналысуына болар еді және ол біздің бизнес жоспарымызға кіреді. Бірақ, біз өнімнің сапалы болуына баса назар аударамыз. Ұжымның әрбір мүшесі тұтынушыға жобаның қай сатыда тұрғанын және қай бағытта екенін айтып бере алады. Бұл біздің басты ерекшелігіміз деп сенімді түрде айта аламын. 

- Өміріңізді өзгертіп, сізді тұлға ретінде қалыптастырған жәйтпен бөлісеңіз?

- Мен қарапайым отбасынанмын. Әке-шешем инженер болған. Отбасында жалғыз бала болғандықтан ерте есейдім. Бала кездегі ең сүйікті ісім кітап оқу болды. Кейін әкем қайтыс болғанда бізге қиын болды. Анам екі адамның орнына жұмыс істеді. Базардан киім алудың не екенін білмей, етігімізге дейін жамап-жасқап жүретін кездер еді. 90 жылдардың қиыншылығын да көрдік. Әрине менің ойым «анама қалай көмектессем болады?» деумен болды.

Миллиондаған қыздар сияқты ертегіге ұқсас өмір сүремін деп ойладым. Күлшеқыздай ханзадаға тұрмысқа шығып, омен бір күнде өмірден өтеміз деп ойладым. Осының барлығын көз алдыма елестете ұйықтайтынмын. Бірақ, өмір біз ойлағандай бола бермейді. Күйеуіммен 1 жыл ғана бірге тұрдық. Мен үшін бұл үлкен күйзеліс болды. Жылдар бойы армандаған көңіл қарлығаштарым менен басқа жаққа ұшып кетті. Осылай қаяулы жандардың қатарына қосылдым. Өмір болған соң алдымызда небір тосқауылдар тұрады ғой. Ондай кезде балаларымның болашағын көп ойлаймын.

Олардың ерте есейіп, барлығын өздері шешкенін қалаймын. Жеке таңдаулары болса деймін.  Бірақ, осындай сәттер өзіңмен-өзің жалғыз қалып, өз-өзіңге тағылым айтып, мықты мінез пайда болып, жеке тұлға ретінде қалыптасуыма септігін тигізді. Бұл менің өмірім, менің жүріп өткен жолым! Тағдырыма ризамын. Әрбір сынақ, сіздің іштей жаңаруыңыздың жаңа мүмкіндігі екенін естен шығармаңыз. 

- Сізді тыңдай келе бойыңызда әр істі үйренуге және барлығынан энергия жинау қасиетіңіз басым болып көрінді. Түсіндіріп берсеңіз және мұның пайдасы қандай?

- Мен өзім холерикпін. Білесіз бе, холериктер бизнесті бастағанды ұнатады және оны аяғына дейін жеткізбейді. Бірақ, менің жағдайымда халерик болу маған тиімді болып тұр. Себебі, мен аяқталған істі жақсы көремін және ол бағыт таныс емес болса, соңына дейін зерттеп түсінуге тырысамын. Түпкі нәтижесін көрген ұнайды. Күн сайын Нұр-Сұлтан қаласының көшерелімен жүріп, біздің жасаған жобамыз арқылы тұрғызылған маржандай тізілген ғимараттарды көріп, көп күш аламын. Осылай қуаттанамын. 

- Сіздің қоғамдық жұмыстарыңыз қызықты. Қоғамның алдында өзіңіздің қаншалықты жауаптымын деп есіптейсіз? 

- Иә, мен өзімді қоғам алдында жауаптымын деп санаймын. Себебі, еліміздің жарқын болашағына және қоғамның өркендеуіне қатты сенемін. Қазақстанның болашағы әрбір азаматқа байланысты екенін ұмытпаған жөн. Егер  адам өзін қабылдап, ішкі әлемін дамытып, қоғамға пайдасын тигізе бастаса, еліміз жарқырай түседі. Өкініштісі, адамдар биліктегілерге шүйлігіп алған. Шағымдануға үйреніскен. Керісінше идея айту керек емес пе? Айнаға шынайы қараңызшы... Сіз өзіңізден бастап көріңізші... Менің міндетім осы қоғамға пайдалы дүниемен айналысу. Әлбетті бұл материалдық емес, тек рухани. Адамның өзгеруі деген – ол балаларға көмектесу, қиын-қыстау кезде мемлекетке ұсыныс айту, жақындарымызға жәрдемдесу деп білемін. 

- Соңғы кездері «сюцай» ілімімен айналысып жүрсіз. Бұл ілімнің қыр-сырымен таныстырып өтсеңіз?

Сюцай – өзіңді тану ілімі десек болады. Яғни, не үшін өмір сүреміз, неге өмірге келдік. Мысалы, сіз тек инженер болу емес, мүмкін сіздің басқа да қырыңыз ашылу керек шығар. Адам өзін қаншалықты көп тани білсе, оның мақсаты да айқын болады. Сондай-ақ, бизнесте, оқуда нақты жоспар құра алады.  Сюцай – жан дүниеңді мазалаған мәселені іске асыру. Былайша айтқанда сандардың сөйлеуі. Туған күніңіздегі сандар – жан дүниеңіздің құпия кілті.

Осыны жіктеу арқылы қаржы мүмкіндігіңізді, ортаңызды, қызмет пен бизнестегі жетістіктеріңізді, шығармашылық өсу мен  ішкі мүмкіндіктеріңізді, денсаулықты күту, жақсы өмір сүру үшін қандай белсенділік қажеттігін біле аласыз. Әсіресе  мектеп түлектерінің өз мамандығын адаспай таңдауына септігін тигізетінін ашық айтқан жөн.  Қоршаған орта және табиғатпен үйлесім табуға керемет жол ашатын ғылым. Осы ілімнің арқасында мен де өзімді толыққанды танып-білгім келіп жүр. 

- Жетістіктің сырын айтып берсеңіз?

- Әр сынақтан соң өз-өзімді қолға алып, қасқайып тұру – менің жетістігімнің сыры. Менің бақытты болуым тек өзіме байланысты екенін білемін. Осы философияны түсіну арқылы сәттіліктің құпиясын түсінемін. Әр күнім үшін алғыс айтамын. Шыбықтай дауылды күндерде иілсеңдер де, сынбаңдар! 

КОММЕНТАРИИ
0
ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ
Әлия Асылбекова: «Кәсібі кәдімгі шығармашылық»

Бүгінгі кейіпкеріміз бизнесін табыс көзі емес, шығармашылық деп санайды.

Егер қозғалтқышты ұшу барысында өшірсеңіз, ұшақ құлап қалады
25-03-2022–

Сәтті бизнесті жарнамалауды тоқтатсаңыз, дәл солай болады

Пандемия кезіндегі және одан кейінгі бизнес
24-03-2022–

Проблемаларды қалай шешуге болады?

Қарлығаш Нұғыманова: «Жергілікті жердегі ұрлық сіздің бизнесіңізді қалай бұзуы мүмкін?»
18-03-2022–

Неліктен кәсіпкерлер өз командасынан алаяқтарды жазаламайды?

Өртеніп, қайта тірілу
17-03-2022–

Кәсіпкерлердің cәтсіз оқиғалары

Подписаться на рассылку
Подписывайтесь на рассылку свежих материалов от нашего сайта и будьте знакомы с интересными людьми нашей страны, а также полезными рекомендациями и лайфхаками!