Ләйлә Исламова: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар еңбегің мен ақылың екі жақтап»

Өскелең ұрпақты білікті етуді мақсат тұтқан қазақ қызының «Сөйле» әлеуметтік жобасы

    поделиться
Автор: Зеріп Қосым 14-05-2021

 

Фотографии из личного архива

Ләйлә Исламова Ақтөбе облысында қарапайым отбасында дүниеге келген. Алайда, оның армандары қарапайым емес еді. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» дегенді алға тартып, жастарға америкалық және еуропалық әдістемемен «Сөйле» білім беру ордасын ашты. Ең қызығы қазақи менталитетке бейімделген... Бір облыс орталығы бағынды, келесі меже - Елордасы – Нұр-Сұлтан!

- Жасөспірімдерге арналған әлеуметтік мектеп ашу туралы ой қайдан келді? Неліктен осындай шешім қабылдадыңыз. Түрткі болған не жағдай? Әлеуметтік дегенді қалай түсіндіресіз?

- Мектеп ашу туралы ой Америкада жүргенде келді. Оған түрткі болған орта мектептің үшінші сынып оқушыларының тақта алдында презентация жасауы.

Нақтырақ айтсам, мені сегіз-тоғыз жастағы балалардың зеректігі, ойларының ұшқырлығы, сөйлеу мәнерлері, өздерін ұстаулары таңқалдырды. Мен сол балаларды, өзіміздің оқушылармен салыстыра келе, үлкен проблеманы байқадым.

Отандық мектептегі балалар неге екені белгісіз, жасық келеді, өздеріне сенбейді, аудитория алдында сөз сөйлеуге жасқанады, бойларында сенімсіздік көп.

Сонымен қатар, болашақтарын нақты елестете алмайды, «өскенде кім болғым келеді?», «келешекте қандай мамандық иесі атанамын?»  деген сұрақтарға мүлдем жауап бере алмайды.

Бұл жерде ата-ананың да жауапкершілігі бар. Үйдегі тәрбие баланың түздегі өміріне аса қатты әсер етеді. «Сенің қолыңнан келмейді», «Бұл бізге жат», «Жұрттан ұят болады» деген ешкімге қажеті жоқ жалаң арлылық баланың болашағына зиянын тигізіп жататынын кейде ескере бермейміз.

Сонымен, мұхиттың арғы бетінен оралған кезде, бүкіл әлемді коронавирус жайлап, пандемия басталып кетті. Сол себепті мектепті оффлайн ашуға мүмкіндік болмады.

Мектеп онлайн форматында жарты жыл жұмыс істеді, тек өткен жылдың қазан айында ғана Ақтөбе қаласында ресми түрде ашылдық. Жуырда «Сөйле» мектебі Нұр-Сұлтан қаласында да ашылмақ.

Басты мақсат – балаларды еркін ойлап, тиянақты сөйлеуге бейімдеу.  Мектеп оқытушылары жасөспірімдермен ғана емес, сондай-ақ, олардың ата-аналарымен жұмыс жүргізеді.

Басты мақсат – балаларды еркін ойлап, тиянақты сөйлеуге бейімдеу.  Мектеп оқытушылары жасөспірімдермен ғана емес, сондай-ақ, олардың ата-аналарымен жұмыс жүргізеді

Әлеуметтік деген сөз осыған саяды. Айта кетейін, мектептің оқу бағасы қолжетімді. Ақтөбе қаласындағы бағасы тиімді мектептердің бірі десем қателеспеймін. 

- Жасөспірімдермен жұмыс істеу қиын ба? Оларды қандай мәселелер мазалайды? Әсіресе, жастардың назарын ұстау, оларды қызықтыру қаншалықты қиын?

- Жалпы өскелең ұрпақтың тәрбиесіне бағытталған жобаны бастау өте қиын. Жаңа жоба, оның ішінде мектеп ашып, балалармен, олардың ата-аналарымен жұмысты бір жолға қою тіптен оңай емес. Оған көп күш-жігер, ерекше біліктілік, сонымен қатар өзімнің жобама деген сенімділік қажет болды.

Сондықтан, ең алдымен осы миссияны орындай алатын команда жасақтадым. Менің идеямды қолдап, ерекше қабілеттері бар оқытушыларды өз әдістемеммен сабақ беруге үйреттім. Бұл методика АҚШ, Еуропа білім жүйелерінен алынған, дегенмен, жергілікті менталитетке бейімделген. Сабақ барысында мықты әдістерді, техникаларды қолданамыз.

Қазір оқытушылар құрамында төрт мұғалім бар. Екеуі қазақ, екеуі орыс топтарына сабақ береді. Мен өз командамның потенциалына сенемін, балаларды қызықтыру, олардың назарын ұстау жолында әлі де болса жаңа әдістерді алып келеміз.

Балаларды не толғандырады деген сұраққа келер болсам, олардың басты мәселесі – сенімсіздік. Өздерінің білімдеріне, күштеріне сенбейді. Қолымнан келмейді, біліктілігім әлі аз деген ойларды жастарды тура жолдан тайдырады. Біздің оқытушылар сол балалардың бойларына сенімділік ұялатып, қабілет-қарымдарын дамытуға тырысады.

- Осы саладағы жетістіктеріңіз жайлы айтып берсеңіз. Мектеп ашпас бұрын, қандай да бір тренинг, форумдар өткіздіңіз бе?

Әрине, мұндай оқу орнын ашпас бұрын өзімнің жеке қабілеттерімді дамыттым. Осы уақытқа дейін онлайн, оффлайн курстарымнан екі мыңға жуық адам өтті. Мен әрдайым, форум, тренингтер өткізіп тұрамын.

Қазір шешендік өнер жаттықтырушысы ретінде өзімді дамытып жатырмын. Коммуникация, көшбасшылық, кәсіби бейімділік, адамның бойындағы жұмсақ дағдыларды дамытуға да көп көңіл бөлемін. Соның дәлелі ретінде Америкада «Сommunity solutions program» бағдарламасымен төрт ай бойы жұмыс істеп, стажировкадан өттім. Вашингтон қаласындағы Джордж Мэйсон университетінде коммуникация және көшбасшылық модулін аяқтап, сертификат иелендім.

Қазір шешендік өнер жаттықтырушысы ретінде өзімді дамытып жатырмын. Коммуникация, көшбасшылық, кәсіби бейімділік, адамның бойындағы жұмсақ дағдыларды дамытуға да көп көңіл бөлемін

Балаларға теориямен қатар, практиканы да үйретеміз. Әр оқушы ең алдымен анкета толтырады, оған өз арман, мақсаттарын жазады. Оқу барысы кезінде оқушылардың сол қалауларын ескереміз.

Бір мысал айта кетейін, Ақтөбеде «Life4job» тігін фабрикасы жұмыс істейді. Аталған жердегі өндірістің, бизнестің қалай жасап жатқанын көрсету үшін балалармен экскурсияға барған болатынбыз. Киім дизайнері, модельер, тігінші болудың қыр-сырына бойлап, аталған бизнесті көздерімен көріп қайтты.

Сонымен қатар, балаларға әр апта сайын белгілі адамдармен онлайн кездесулер өткіземіз. Әрине, балаларға көрсететін көмек біржақты ғана болмау керек. Сондықтан, балалардың ата-аналарымен коучинг форматында кездесу мен тренингтер ұйымдастырамыз. Мұндай тәсіл өз жемісін береді, себебі, ата-ана мен баланың арасында түсіністік, байланыс пайда болады.

- Жасөспірімдер үшін ауызекі сөйлеу шеберлігі турасында арнайы бағдарлама бар ма? Психологиялық әдістер, ата-анамен жұмыс сияқты әдістемелер туралы айтсаңыз?

- Бүгінгі таңда біз әлеуметтік желілерге аса мән беріп жатырмыз. Жасөспірімдерге SMM, фото-видео түсірілім, монтаж сияқты қажетті дағдылар қосымша ақша табуға мүмкіндік береді. Осыны ескеріп, талантты SMM маманын шақырдық, қазір ол біздің үш оқушыны оқытып, біреуі компанияда, екеуі біздің мектептің әлеуметтік желідегі парақшаларын жүргізіп, ақылы стажировкадан өтіп жатыр.

Көптеген оқыту орталықтары кәсіби бейімдеу тестілеуінен өткізіп, балаларға мына мамандыққа икемің бар деп жібере салады, ал, біздің мектеп компания қажеттіліктері мен баланың қызығушылығын ескеріп, тәлімдемеге жібереді. Жазғы демалыс кезінде осыдан артық пайдалы іс жоқ деп білемін.  Ақтөбеде бірнеше компаниямен келісім-шартымыз бар, соларға сәйкес, әр оқушының сол компаниядағы супервайзері баланы бір ай бойы жетекшіліне алып, білген-түйгенімен бөліседі.

- Ақтөбе қаласы әкімдігі немесе Білім және ғылым департаменті/басқармасынан көмек, қолдау болды ма, әлде жалғыз өзіңіздің еңбегіңіз бе?

- Ең басында жобамызды жалпы орта мектеп бағдарламасы аясында жүргізу туралы жоспар болды, сол үшін тіпті Ақтөбе қаласының білім және ғылым департаментінің қабылдауына барамын деп шештім, бірақ ол шаруа әлі келіспеді.

- Бастамаңызды түсінгендер бар ма? Сізді кім қолдады?

- Барлық адамға қолдаушы керек. Қандай да жоба болмасын, қандай да іс бастамас бұрын, қасыңда сенің идеяңды қолдайтын, саған сенетін адамдардың бар болуы аса маңызды. Маған қолдау танытқандар көп болды, туған туыстарым, достарым, тіпті көршілерім жобамның сәтті болатынын айтып, қолдау көрсететін.

Халық арасында «сарафанное радио» деген түсінік бар, соның арқасында мектептің ашылғаны туралы жаңалық Ақтөбе жұртшылығына тарады. Осы орайда менің он алты жылдық оқыту тәжірибеме, біліктілігіме сенген ата-аналарға алғысым шексіз.

- Қызмет жолыңызда нені ерекше атап өтер едіңіз?

- Мектебімізде тек балалар ғана емес, ересектер де өздерінің біліктіліктерін дамыта алады. Менің жас кезімде мұндай оқу орындары болмаған, ата-анамда ондай мүмкіндік те болмады.  Тіпті оны былай қойғанда, 1992 жылы өзімнің оқып жүрген орта мектебім көмірдің жоқтығынан жабылып қалған болатын.

Сол кезде әкем мені апамның қолына қалаға жіберді. Мектеп, колледждің біліміне аса қанағаттанбайтынмын. Теорияны үйретіп, практиканы ұмытатын. Біліктілікті арттыратын қолжетімді курстар болса ғой деп ойлайтынмын. Мектеп ашуымның бір себебі де осы болар. Орыс халқында «все мы родом из детства» деген жақсы сөз бар, сондықтан кішкентай кезімде ала алмаған білімімді өскенде жетілдіріп, басқаларға мүмкіндік бергім келді. Айта кетейін, өзім Алматыдағы Құдайбергенов Жұбанов атындағы педагогикалық университетті бітіргенмін.

- Осындай жұмысты қолға алғысы келетін адамдарға қандай ұсыныс тілек айтар едіңіз?

Өзіңіздің ниетіңізге, қабілетіңізге сеніңіз, жоба идея ретінде қалып қоймасын. Сонымен қатар, жаныңызда осы идеяңызды қолдайтын, мотивация беретін адамдар болуы маңызды. Менің командама қосылып, мектепте білім бергісі келетін оқытушыларға резюме жібер, видео түсір деп айтпаймын.

«Менің жобам Сізге несімен қызық?» - осы сұраққа ең ұтымды жауап берген, көзі жанып тұрған, тың идеясы бар адамдарды қабылдаймын. Идея бар, бірақ қорқамын деуге болмайды. Көз қорқақ, қол батыр. Мен осы позицияны ұстанамын. Жуырда Нұр-Сұлтан қаласында ашыламыз, әрине қорқыныш бар, алайда сенімім мықты. Абайша айтқанда, «ақылың мен еңбегің екі жақтап алып шығады».

КОММЕНТАРИИ
7
Бұлбұл
2021-05-24 12:55:18
Міне, керемет! Мынадай оқыту, білім беру орталықтарының жұмыстарына тек мықты қолдау керек. Мұндай бастаманың жалғасты болғанына тілекшіміз. Ғылым, білім арқылы жастарымыз, келешек ұрпақ еліміздің алдыңғы қатарда тұруына себепші болары сөзсіз. Болашақтың капиталы осы –жасөспірімдер. "Сөйле" білім орталығының авторларына ризамын. Заман оқығандікі. Жас ұрпақты телефон мен интернеттегі өмірден гөрі осындай білім ошақтарына жұмылдыру абзал. Келешек –білімді ұрпақта. Жалғасты болсын!
Қорлан
2021-05-24 12:55:13
Өте тамаша сұхбат. Ләйлә Исламқызы ісіңізге сәттілік тілейміз! Мектептеріңіз биік деңгейге көтеріліп, қатары көбейе берсін, шәкірттеріңіз көп болсын!
Ержан А
2021-05-24 13:00:28
Керемет бастама екен...дәл керек уақытында қолға алынған іс...сәттілік тілеймін...бүгінгі ұрпаққа аса тиімді, қажетін өтейтін жұмыс деп санаймын...
Ержан А
2021-05-24 13:00:17
Керемет бастама екен...дәл керек уақытында қолға алынған іс...сәттілік тілеймін...бүгінгі ұрпаққа аса тиімді, қажетін өтейтін жұмыс деп санаймын...
Ержан А
2021-05-24 12:54:59
Керемет бастама екен...дәл керек уақытында қолға алынған іс...сәттілік тілеймін...бүгінгі ұрпаққа аса тиімді, қажетін өтейтін жұмыс деп санаймын...
Жанна Иманқұл
2021-05-24 12:54:28
Жас ұрпақты заманға сай азамат етіп қалыптастыруға бағытталған бастамаға сәттілік тілеймін. Ләйлә Исламованың шетелдердегі озық үлгілерді үйреніп, еліміздің жастарына сіңіріп жатқан ісі баянды болсын!
АЕ
2021-05-24 12:54:23
Керемет бастама...дәл уақытында қолға алынған жоба екен.. сәттілік тілеймін
ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ
Ляззат Алшинова: «Кез келген жоба сәтті шығуы үшін тиімді болуы керек!»

Әлеуметтік маңызы бар жобаларды қалай құруға болатындығы туралы әңгіме

Гаджет және бала: пайдасы мен зияны туралы, ата-анаға пайдалы кеңестер

Балаңызды гаджеттердің зиянды әсерінен қалай қорғауға болады

Подписаться на рассылку
Подписывайтесь на рассылку свежих материалов от нашего сайта и будьте знакомы с интересными людьми нашей страны, а также полезными рекомендациями и лайфхаками!